Алаш арыстары ұлықталған игі шара

10 октября 2017 - Администратор

 Күнбатыс өлкесі Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық рухымызды жаңғыратын айтулы іс-шараларды қолға алған. Мен осы өңірдегі маңызды шараның куәсі болып келдім. Аталмыш шара Алаш орда үкіметінің 100 жылдығына және Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының Жымпиты ауылында «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болатын. Айтулы даталардың Жымпиты жерінде аталып өтуі тегін емес. 1918-1919 жылдары дәл осы Жымпитыда Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше жұмыс жасады. Бөлімшеге Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Жаһанша Досмұхамедов төрағалық еткені тағы белгілі. Мұнда Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр деуге болады. Сырым елінің мерейлі шарасына ортақтасуға келген қонақтарды дәстүр бойынша Сырым батырдың кесенесінің тұсынан қарсы алды. Қарсы алу қазақы қалыпта ақ дәмнен ауыз тиіп, ауылдың сал-серілерінің шырқап салған дәстүрлі әндері орындалған салтанатты шарасымен бастау алды. Одан кейін 2006 жылы заңгер, Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілген Сырым ауданындағы Өлеңті орта мектебінде мұражайдың ашылуында болдық. Музей 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде аудан мен Өлеңті ауылының тарихына ерекше көңіл бөлінген. Мектеп тарихы мен этнопедагогика өз алдына. Батыр Сырым Датұлы мен қайраткер Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғалар үшін арнайы бөлімдер ұйымдастырылған. Музейді салтанатты ашу құрметі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайға ұсынылды. Осы жылы мектептің алдындағы алаңға Жаһанша Досмұхамедовтың бюсті де орнатылған. Бұл мектептен мен ашылған мұражайдың өткенді шыр шертетін бай заттарымен қатар, құнды деректерді көзбен көрдім. Тебіренісіме сөз жеткізу қиын. Оған қоса мен осы мектептің ұстаздары мен оқушыларының бірегей киім үлгісіне қызыға, әрі қызғана қарадым. Олай дейтінім, бұл үлгіні жасау біздің қолымыздан да келеді емес пе. Ұстаздар ақ жейде, әдемі күлгін түсте сарафан түрінде, не болмаса белдемше мен кеудеше киіп алса, оқушылар көк түсте киініп алған... Мектеп ұжымының қонақжайлығына қанық болған біз, жорығымызды С. Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінде жалғастырдық.

Мұражай директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, Алаш мұражайының 4 бірдей залы да жаңғыртудан өткен әрі жәдігермен толықтырылған. Негізгі зал Алашорда үкіметінің қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың жұмыс бөлмесіне арналған. Бұл бөлмені жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Ақ жайық» романында жақсы суреттейді. Мұражай бөлмесі жазушының сол суреттемесі бойынша жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп, Жаһанша Досмұхамедовтың зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңілісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, содан кейін Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің басқосуы өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Мұражайдың төменгі қабаты ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кезеңнің ақсүйектерінің бөлмесіне арналған. Көз тоқтататын тағы бір дүние - ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі. Пәуеске Алаш мұражайының ауласында тұр.

Алаш саябағында Алаш қайраткерлерінің ескерткішіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды. Қарап отырсаңыздар конференцияға дейін біз бірқатар ұлттық рух беретін қасиетті жерлерді араладық. Бұл өңір осындай жерлерге бай. Жоғалтқанын тауып, жаңғыртқан Батыс Қазақстандықтардан үйренеріміз көп.

Осылайша Сырым ауданының Жымпиты аулымен таныс болған конференцияға қатысушылар мәдениет ошағындағы Алаш арыстарына арналған конференцияға қатысты.

 

ырым ауданының әкімдігі мен Айболат Құрымбаев жетекшілік ететін «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры әріптестікте ұйымдастырған шараға алыс - жақыннан қонақ көп келді. Көрші Ресейдің Астрахан қаласынан және еліміздің Алматы, Астана, Семей, Петропавл, Маңғыстау қалаларынан конференцияға атақты алаштанушы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мұражай және мұрағат қызметкерлері, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен БАҚ өкілдері қатысқан республикалық конференцияны облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ашып, өз сөзінде Алаш қозғалысының еліміздің еркіндік алуы жолында маңызды рөл атқарғанын жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш жиынның азаттық туын көтерген Жымпиты жерінде өтуі заңды. Алаш қайраткерлерінің арман - мақсаты Қазақстанның тәуелсіздік алуы арқасында орындалып отыр, - деген еді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Алашорда үкіметінің 100 жылдығына әзірлік аясында атқарылған жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді. Конференцияда алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрсын Жұртбай Алаш партиясы бағдарламасының негізін құраған бес қағидаға тоқталды. Бұл - ұлттық-демократиялық мемлекет құру, халықтың басты байлығы ретінде жерді сақтау, қазақ қоғамындағы бірлікті нығайту, тілді, мәдениетті және дінді дамыту, білім мен ғылымға басымдық беру. Сондай-ақ экономика мен сананы жаңғырту, құқықтық негізді қалыптастыру, азаматтардың мұң-мұқтажы мен сұраныстарын қанағаттандыру, теңдік, келісім мен бейбітшілік, қоғамдық-саяси істерге қалың бұқараның араласуын қамтамасыз ету сынды идеялар бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова Алашордаға қатысты тың деректер жөнінде сөз қозғады. Жиын барысында сондай-ақ Шәкәрім атындағы Семей университетінің профессоры, археолог Амантай Исин, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Астрахан мемлекеттік университеті Ресей тарихы кафедрасының доценті Андрей Сызранов және басқалар Алашорда үкіметінің сан қырлы қызметі мен Алаш тарихының қазіргі ел дамуымен байланысы төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті. Панельдік режимде өткен конференцияда мен де қалалық мұражайда Алаш ордасының 100 жылдығына орай қуғын - сүргінге ұшыраған публицист, аудармашы, лингвист - Елдес Омаров пен қоғам қайраткері, ақын Бәлдік Байтоғаев туралы айтылып, ұрпақтарымен кездесу өткізілген «Қуғын-сүргін жылдарындағы тағдырлар» дөңгелек үстелі турасында айтып бердім. Конференцияға ұсынған мақаламда Елдес Омаровтың жиені Жакенова Қарапа Сүйіншіәліқызының Елдес Омаров жайлы жазған естелігін де көпшілік назарына оқып бердім. Алашордасының 100 жылдығы қарсаңында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шығуы осы Алаш қайраткерлері көксеген ұлттық рухымызды жаңғырту аясында қолға алынған үлкен бір келелі істер жанданатын бағдарлама. Осы орайда «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Шынымен де «Патриотизм» туған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен аймағыңа, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншіліктен басталады. Мұражай қызметкерлері үшін бүгінгі таңда «Туған жер» бағдарламасының «Рухани қазына» бағытында «Туған өлке мәдениеті» жобасын жүзеге асыруда іс-шаралар жобасы бекітіліп, үлкен жұмыстарды қолға алуда. Бұған музей сағаттары, экскурсиялар мен дөңгелек үстелдер және тағы басқа шараларды екенін алға тартып, Сырым аудандық мұражайының директоры Айнагүл Ойшыбаеваға Лисаков қалалық Жоғары Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайының «Родная моя страна» өлкетану зерттеулерінің жинағын табыс еттім. Бұл жинақта қалалық мұражайда жыл сайын өткізілетін «Туған жер-2017» өңірлік өлкетану оқуларына Қостанай облысының мұражай, мұрағат қызметкерлері, тарих пәні мұғалімдерінің еңбектері жазылғаны туралы мәліметтер келтірдім. Менің «Қуғын-сүргін жылдарындағы тағдырлар» атты еңбегімнің «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры басып шығарған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты Алашорда Үкіметінің құылғанына 100 жыл, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл толуына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары жеке жинағына кіргізілді. Міне, осылай мұражай қоры тағы бір ғылыми жинақпен және «Алаш ордасына 100 жыл» картинасымен толығып отыр. Мұражай қызметкерлері үшін мұндай конференциялардың берері көп. Үлкен тәжірибе жинақтап, әріптестермен қарым-қатынас орнатуға үлкен септігін тигізеді. Аталмыш басқосу кешкілік Сырым аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жымпиты және Бұлан халық театрының әртістері «Жанша» қойылымын қойды. Қойылымның сценарийі - өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың «Жанша» атты кітабындағы деректердің негізінде жазылған. Қойылымның қоюшы режиссері - Дамира Әбдірахманова. Қойылым Алашорда үкіметінің мүшесі әрі көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың қайраткерлік жолы туралы баяндайды. Қойылымға көрермен де, автордың өзі де жақсы баға берді. Қойылым соңы аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сөз сөйледі.

Алда Астанада қарашаның 24-і күні «Алаш - қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты тақырыпта өтетін Алаш қозғалысы және Алаш Орда үкіметінің 100-жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысамыз деп жоспарлап жатырмыз.

А. Қадырханова,

Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының

«Лисаков Жоғары Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайы» КММ ғылыми қызметкері.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Комментарии с нецензурными выражениями, оскорблениями, разжигающие межнациональную рознь, рекламой и т.д. строго запрещаются. Будьте вежливыми и сдержанными по отношению к авторам статей и другим комментаторам. Редакция не несет ответственности за содержание комментариев к статьям.
О нецензурных и т.п. комментариях cообщайте администратору по почте lisnov1@yandex.ru